JariaLike.kz
JariaLike.kz
Tuesday, 30 Apr 2024 00:00 am
JariaLike.kz

JariaLike.kz

Астанада республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өтуде. Акция аясында аты аңызға айналған футболшы Коло Туре мен Фадига Халилу көшет отырғызды. Бұл туралы   елорда әкімдігі хабарлады.  
Бүгін елімізге футболдан жас өрендерді іріктеу мақсатында «Super bol» жобасына арнайы келген Коло Туре мен Фадига Халилу Астана қаласындағы Қазақстан футбол федерациясы аумағында көшет отырғызу акциясына қатысты. Спортшылардың табаны елімізге алғаш рет тиіп тұрғанын да айта кетуіміз керек. 
«Қазақстанға футбол жобасына арнайы қонақ ретінде бірінші рет келдім. Тек жасыл алаңда ғана емес, қаланың экологиясын сақтау мақсатында ұйымдастырылған акцияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұған дейін де көптеген қалаларда болдым. Ал Астананың өзіндік әдемілігі бар. Ғимараттары басқа қалаларға мүлдем ұқсамайды. Архитектуралық жағынан таңдай қақтырады екен.  Тазалығы бір жолға қойылғаны көрініп тұр. Бастысы мені сыйлап, шақырғандарыңызға қуаныштымын!» — деді кезінде «Арсенал», «Манчестер Сити», «Ливерпуль» сапында доп тепкен футболшы Коло Туре. Өз кезегінде Фадига Халилу да қаланы абаттандыру бастамасына қолдау білдіріп, акцияға қатысушыларға алғысын жеткізді. 
Айта кетейік, 8 сәуірде басталған «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы аясында 29 сәуір бен 4 мамыр аралығында қарттар үйі, ардагерлер, қызмет барысында қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы тұратын үйлер аумағын абаттандыруға бағытталған «Өнегелі ұрпақ» тақырыптық апталығымен жалғасып жатыр.
Биыл Астанада барлығы 1,1 миллион жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Осылайша, бас қаланы жасыл шаһарға айналдыру жолында кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Үш аптада қалада 74 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Естеріңізге сала кетейік, 3 аптадан бері елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы өтіп жатыр. Кең көлемді экологиялық науқан аясында қаланы, нөсер және суару жүйелерін санитарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық орындар мен аулаларды тазалау жүргізілуде. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына жақын аумақтарды тазалау, көгалдар мен гүлзарларды тазалау, рұқсат етілмеген қоқыстарды жою және т.б. жүргізіледі. Қазіргі таңда қаланың барлық аудандарында тазалық шаралары атқарылып жатыр.