JariaLike.kz
JariaLike.kz
Wednesday, 06 Mar 2024 00:00 am
JariaLike.kz

JariaLike.kz

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында қайғылы жағдай орын алды. Қалжыр ауылының тұрғынын осы ауылдың тұрғыны пышақтап кеткен. Марқұмның туған-туыстары іс жабулы күйінде қала ма деп алаңдап отыр. Қанды оқиғаның мән-жайы туралы белгілі журналист Нұртас Солтанұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.   

"Менде бар ақпарат бойынша 2024 жылдың 2 наурыз күні ШҚО, Марқакөл ауданы, Қалжыр ауылында менің туған ағам Кушеров Жарас Солтанұлын осы ауыл тұрғыны Нурмуханов Бауыржан Максатович пышақтап өлтіріп кетті. Бұл туралы марқұм ағам менің апайым Жадыраға тірі кезінде хабарласып үлгеріп, телефонмен көмек сұраған. “Мені Нурмуханов Бауыржан пышақтап кетті, қор болдым-ау” деп айтқан.

Содан бері 4 тәулік өтсе де, күдіктіні қылмыстық іс бойынша қамауға санкция берілген жоқ, тек полицияға бағынбағаны үшін ғана әкімшілік іспен қамады.

Күдікті бұған дейін де 2 адамды өлтіріп, бір жолында условно алса, келесі қылмысы үшін 3,5 жыл ғана отырған. Себебі, оның туыстары өте ауқатты және ықпалды адамдар болғандықтан деп ойлаймын. Мысалы, күдікті Нурмуханов Бауыржан Максатовичтің немере ағасы Нурмуханов Бакыт Маратович ҚР Конституциялық Соты төрағасының орынбасары. Қолымызда бар мәлімет бойынша, қазір істі тергеп жатқан тергеушілер оның ауылдастары, жергілікті РОВД бастығы Жандос Кушкинчинов, Марқакөл аудандық прокурорының орынбасары Ержан Азимбаев та, бірі Нурмухановтардың ауылдастары болса, енді бірі жақсы араласатын адамдары. Сондықтан олар істі, менің ағам күдіктіге шабуыл жасау кезінде өзін-өзі пышақтап өлді дегенге әкеле жатыр. Тіпті ертең менің ағама неше түрлі жала жауып, өзін кіналы етіп шығаруы мүмкін! Бұған дейін 2 адам өлтірген Нурмуханов Бауыржан тағы да құтылып кетуі мүмкін. Бұл қоғамға қауіпті адам. Бүгін мені қан қақсатса, ертең Сізді зар жылатуы мүмкін! Жергілікті ШҚО Полиция департаментінің бастығы Е.Омарбековке де осы мәселені айту үшін барғанмен, ол кісі әзірге қабылдамады" деп жазды. 

Марқұмның отбасы мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейне үндеу жолдады.  

Ал ШҚО Полиция департаменті: "Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Күдікті "ізін суытпай" ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді" деген ақпарат таратты.