JariaLike.kz
JariaLike.kz
Tuesday, 30 Jan 2024 00:00 am
JariaLike.kz

JariaLike.kz

Аягөз қаласында мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйлер сапасыз болып шықты. Тұрғындардың айтуынша, жаңа баспаналардың көпшілігі суық. Бірінің қабырғасы жарылып, дымданып, көгеріп кеткен. Екіншісінің едені мен төбесі жұқа.

Көп балалы ана Әлия Омарбаева 2021 жылы үй алған. Содан бері проблемадан көз ашпаған. Үйінің қабырғасы жарылып кеткен. Едені де сыр берген. Төсеніштері қырық жамау. «Үйді жылытамыз деп қарызға белшеден баттық. Бір изоверді мен 7 жарым мың теңгеге сатып алдым. Менің төбемде қазір 25 изовер тұр. қазіргі таңда. Батарейканың өзін сатып алдым. 11-12 мың теңгеге» дейді ол.

Нұрлан Елтайдың үнемі қолынан шүберек түспейді. Терезесі жиі дымданып кетеді екен. Ал үйдің қабырғасы адам көргісіз.  «Сау орын жоқ. Көріп тұрғандарыңыздай, күн суықта қабырға шық болады. Балдырланып, көгереді. Шөп өсіп кетеді. Күнде таңертең сүртіп аламыз» дейді.

Ал жалғызбасты ана Эльвира Әсенова үйіндегі электр жүйесінің дұрыс құрылмағанына шағымданды. «Бір жыл жарықсыз отырдым. Екі комнатаның жарығы болмады. Тоғы салақтап тұрды. Үлкен студент қызым мен бес жастағы баламды тоқ соқты» дейді ол.

Жергілікті әкімшілік бұл мәселені жақсы біледі. Бұған дейін 20-ға жуық үйдің есіктерін ауыстырып беріпті. Енді сапасыз салынған баспаналарды ағымдағы жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен 188 миллион теңге бөлмек.

Тұрғындардың айтуынша, 58 үйден әртүрлі ақау шыққан. Халықтың әлеуметтік тұрғыдағы әлсіз топтарына берілетін үйлерді жеке кәсіпкерлер салған. Жергілікті әкімшілік дайын күйінде сатып алған. Аягөз қаласында 2020 жылдан бері 317 жалдамалы үй пайдалануға берілген.