10bec870-cea6-4651-bc08-655a7da056ad

Астанада Ақсақалдар кеңесі медиацияның рөлін талқылады

Наурыз қарсаңында елордада  Астана қалалық әкімдігі мен  Достық үйінің ұйымдастыруымен Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің бірлескен кездесуі өтті.  «Қоғамдық келісімді нығайтудағы медиацияның рөлі» тақырыбында ұйымдастырылған жиында қоғамдық және кәсіби медиаторлар бір арнада тоғысты.  Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов, кәсіби медиатор Әлия Ибраева,  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия, конфликтология және медиация кафедрасының докторы   Сымбат Шәкіров, ҚР  Мәдениет және ақпарат министрлігі Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының этномедиация орталығы директорының орынбасары  Луиза Азарова сынды бірнеше білікті маман ой-пікірін ортаға салды. 

Кіріспе сөзбен шараны бастаған Астана қаласы ҚХА кәсіби медиаторы Роза   Бекішева соңғы уақытта медиацияның танымалдығы артып келе жатқанын, оның жаңа түрлері пайда болғанын атап өтті. Әсіресе бітімгершілік саладағы ақсақалдар кеңесінің рөліне айрықша тоқталды.  Себебі, қазақ даласында ауызы дуалы, сөзі өтімді қариялар небір түйінді түйткілді арыға созбай, дер кезінде реттеп отырған. Осы бір игі дәстүрді заманға сай жаңғыртуымыз керек,-деді қатысушылар.     

Бұл кездесуде тәжірибелі медиаторлар өзара пікір алмасып, алдағы уақытта да ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру жөнінде уағдаласты.    Осы жиынға қатысқан Берік Көпбаев ел ішін тұрақтылыққа бастауда дала даналарының мән-маңызы терең болғанын тілге тиек етті.  Астана қалалық сотының жанындағы Татуласу орталығының кәсіби медиаторы  қазіргі қоғамдық-әлеуметтік ахуал аталмыш қызметтің сұранысқа ие екеніне де екпін түсірді.    

«Орталықта 30-ға жуық медиаторлар жұмыс істейді. 4 филиалымыз бар. Біз қоғамда  болып жатқан неке бұзу, ұрлық-қарлық, қарыз қайтармау, шағын несиемен халықты шырғалаңға түсіретін компаниялар  сияқты   әр түрлі мәселелерді қараймыз. Өйткені, мұндай келеңсіз жайттар қоғамды адастырып, жастарға психологиялық, моральдық соққы болып тиюі ғажап емес. Бүгінгі дөңгелек үстелде талқыланған тақырып - медиация.  Мен ұлтымыздың билер заманындағы жасалған шешімдері мен бүгінгі медиация  байланыстары   жайында  пікір айттым. Қазақ халқының тәлім-тәрбие, би-шешендер мектебін заманға сай қолдануға әбден болады. Дала даналығын университеттер мен мектептерде дәріптесек нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, жастар үлкендерге қарап бойы мен  ойын түзейтіні анық»,-дейді ол. 

Бітімгерлер мен ғалымдар  медиацияға  ғылыми баға  беріп, әсіресе  этно медиацияны дамыту жайын сөз етті. Луиза Магамедқызының айтуынша,  көпұлтты мемлекет болғандықтан  елде этномедиация кең қолданыс табуға тиіс.  Жаһандану жағдайында медиацияның бұл саласына артылар жауапкершілік жүгі де аз емес. Осы ретте әр өңірдегі  достық үйлерінде этно-мәдени орталықтардың жанындағы медиаторларға түсетін салмақ ауыр.  

Қатысушылардың пікірінше, бітімгершіліктің нәтижелі болуына  кәсіби медиаторлар ғана тартылмауы керек.  Бітімгершілік аса ауқымды, арналы сала. Әр этностың  белгілі адамдары, ортасына сыйлы, абыройлы ақсақалдар  кесім мен шешім  айтуы керек.   Ынтымақ, бірлік, келісім болғанда ғана қоғамның іргесі бүтін болмақ.    Кеңес мүшелерінің басын қосқан игі шара Атырау төрінде өткен құрылтайда айтылған  Президент сөздерін жалғастырғандай әсер берді.  Жиылғандар Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың   «Қарты бар елдің - қазынасы бар. Қарттарымыз жастарға өздерінің көрген-білгенін, өткен жолы, білген-түйгені туралы айтып елді татулыққа шақырсын»,- деген салиқалы байламын іске асыруға уағдаласып тарасты.     


Пікір Как:

Пікір (0)