4671b847db88ec42ddee5d25d3d40207_1280x720

«Таза Қазақстан»: Астана жастары вандализмге қарсы акция өткізді

Астанада Жастар күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында вандализмге қарсы акция өтті.   

Акцияны Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдап, Сарыарқа ауданы әкімдігінің аппараты, Жергілікті полиция қызметі басқармасы, қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп өткізді.

Ұйымдастырушылар вандализм әрекеттерінің алдын алып, есірткіге қарсы тұру, қауіпсіз қоғам құрудың алғы шарты екендігін, әрі қоршаған ортаны таза ұстау қоғам алдындағы ортақ міндетіміз деп білетінін айтады.

«Вандализм – бұл қоғамның ортақ мүлкіне келетін зияны ғана емес, сол сияқты тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қауіп төндіреді. Сондықтан да мұндайға жол бермей, одан келетін зиянға немқұрайлы қарамауымыз керек.Әрі қоршаған орта мен ортақ құндылықтарымызды қоғам болып бірге қорғауымыз керек. Бүгінгі акцияның негізгі мақсаты да жастарды есірткіден аулақ болуға үндеу, түрлі ғимарат қабырғалары мен ескерткіштердің сыртына жазылған жазуларды өшіру, сол арқылы қоғамдық мүліктің бүлінуіне жол бермеу, сондай-ақ азаматтардың санасы мен жауапкершілігін аттыру. Вандализм мәселесіне қоғамның назырын аудару және осы құбылысқа қарсы күресте азаматтық қоғамы белсендіру», – дейді Астана жастары ЖРО Neet санаттағы жастармен жұмыс бөлімінің маманы Сұлтан Өмірғалиев.

Іс-шара барысында орындықтар мен ғимарат қабырғаларына жазылған құпия телеграм арналарының адрестері, жағымсыз жарнама жазулары боялып өшірілді.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін айтып, вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударып келеді.

– Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Пікір Как:

Пікір (0)