Жазушы Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығы Астанада басталды
Астана қаласының Жастар театрында Халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің мерейтойына орай «Сұлу сөздiң сүлейi» атты әдеби-сазды кеш өтті. Дүниеге келгеніне 90 жыл толған тұлғаның мерейтойын Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе ұйымдастырды. Іс-шараға әр өңірден ақын-жазушылар, туған туыстары мен соңынан ерген қаламдастары қатысты.
Жас ұрпақтың Сәкен сері тұлғасын тануына және көпшілікті көркем әдебиетке ынталандыруды мақсат еткен кеш «Сәкен сері Жүнісов» тақырыбында жазушының рухани мұралары негізінде әзірленген портреттік суреттер, кітаптар мен басылымдар көрмесін тамашалаумен басталды.
Әдеби-сазды кештің басында сахнадағы лед экран арқылы сөз зергерінің ұлттық рух, тіл мәселесі аясындағы өткір де ұтымды ойлары, азаматтық тұлғасы мен өмірлік ұстанымы жайындағы қаламдас, қанаттас інілерінің естеліктеріне толы бейнебаян көрсетілді.
Кеш шымылдығы белгілі дәстүрлі әнші Сәулежан Тақзияның орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен ашылып, «Отаным – Қазақстан», «Гәкку» әндерімен жалғасты.
Сондай-ақ Астана қаласындағы Жастар театрының шығармашылық ұжымы қалам иесінің «Тырау-тырау тырналар» драмасынан үзінді сахналады. Дәл осы қойылым болашақта көрермендердің назарына ұсынылмақ деген ақжолтай хабар да жетті.
Сәкен серінің мерейтойына Алматыдан арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын, ғалым Бауыржан Жақып, жазушылар Баянғали Әлімжанов, Қуаныш Оспан, Сәкен серінің қарындасы Роза Жүнісова, Дәулеткерей Кәпұлы, Сәкен Есіркептер сахна төріне көтеріліп, жылы лебіздерін білдірді.
Әдебиеттің қай жанрында да көсіле қалам тербеген Сәкен Жүнісов қалдырған алтын қазына ендігі жерде жұртымен бірге жасайтынына күмән жоқ. Ұлы даланың жыршысы - Сәкен серінің тоқсан жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі осылайша Астана төрінде бастау алды. Алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінде қаламгерді еске алу шаралары жалғасын табады.