6363718030ccc077196163

1995 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау»шахталарында 190-ға жуық адам қаза тапқан

Бүгін Қазақстан кенішінде кезекті апат болды. Қарағанды облысындағы «АрселорМитталТеміртау» АҚ-ға қарасты Костенко атындағы шахтада өрттен қаза тапқан кеншілер саны  33-ке жетті, әлі де оннан астам адам жер астында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаның мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін апат орнына барды. Бұған дейін де «АрселорМитталТеміртау» компаниясына бірнеше мәрте айыппұл салынып, қауіпсіздік талаптарының сақталмағанына қатысты сын айтылған. Кейінгі жылдары өндірістік апаттың көбеюі де осыны айғақтайды. 1995 жылдан бері  «АрселорМитталТеміртау» тарихында қандай апаттар болған еді? 

Тәуелсіздік жылдары шахталарда болған апаттарға назар аударсақ, ел тарихындағы ең ірісі «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтасында болғанын байқаймыз. Мәселен, аталған жерде 2006 жылы метан жарылып, салдарынан 41 адам көз жұмды. Ал 1995 жылы дәл осындай апаттың кесірінен 13 кенші қаза тапқан еді. 

Ленин атындағы шахтада метан жарылды (1995 жыл) 

1995 жылдың 24 қарашасында Қарағанды облысы Шахтинск қаласында болған төтенше жағдай 13 адамның өмірін қиды. 

Ленин атындағы шахтада газ жарылды (1998 жыл) 

1998 жылдың қарашасында сол шахтада газ жарылып, 3 адам қаза тапты. Оқиғаның басты себебі – техинкалық ақау деп аталды.

«Шахтинская» шахтасында газ жарылды (2004)

2004 жылдың желтоқсанында «Шахтинская» шахтасында лавада газ жарылды. Жарылыс кезінде шахтада 89 адам болған еді, оның 23-і қаза тапты. Эпицентр маңында жұмыс істегендер тіл тартпай кеткен. 

Ленин атындағы шахтада метан жарылды (2006 жыл)

Төтенше жағдайлар ішінде ең көп адам қайтыс болған ауқымды оқиға 2006 жылдың 20 қыркүйегінде болды. Жарылыс желдету құбырларын ауыстыру кезінде қауіпсіздік техникасының бұзылуына байланысты шықты. Төтенше жағдайдан 41 адам қайтыс болып, елде жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Оқиғадан кейін алты жұмысшы сотталды. 

«Абай» шахтасында метан жарылды (2008 жыл)

2008 жылдың 11 қаңтарында Қарағанды облысының Абай қаласындағы шахтада болған қайғылы оқиғадан 30 шахтер қаза тапты. Төтенше жағдайды тергеу барысында өнеркәсіп қауіпсіздігін бақылауға жауапты екі шенеунік қызметінен айырылды. 

«Саран» шахтасындағы төтенше жағдай (2016 жыл)

2016 жылдың 10 қарашасында Қарағанды облысының шахталарында ірі апат болды. «АрселорМитталТеміртау» компаниясының «Саран» шахтасында жұмысшылар жоғарыға көтерілген кезде арбаның тросы үзілді. Салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болды, тағы біреуі ауруханада көз жұмды. 

«Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша апатқа шахтаның үш жұмысшысы – кабинаны монтаждаған жұмыскер, машинист және учаске бастығы кінәлі деп танылды. Үшеуі де бес жылға бас бостандығынан айырылды.

«Қазақстан» шахтасындағы апат (2017 жыл)

2017 жылдың 31 тамызында сағат 04:21-де Қарағанды облысы Шахтинск қаласында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД «Қазақстан» шахтасында желдету түйісімінде кенет көмір мен газ атқылаған. Сол уақытта шахта ішінде 136 адам болған, оның ішінде үш адам авариялық қазбада болған. Сағат 05:35-те шахта қызметкері зардап шеккен үш адамның мәйітін тапты.

«Абай» шахтасында метан жарылды (2021 жыл)

2021 жылдың 7 қарашасында сағат 09:30-да Қарағанды облысы Абай қаласындағы «Абай» шахтасының кенжарында метан жарылды. Шахтада 64 қызметкер болған, 56 адам бірден эвакуацияланды. 3-К10 кенжарында сегіз жұмысшы қалған, оның ішінде алты адам қайтыс болды, екеуі газдан уланды. Олар ауыр жағдайда ауруханаға түсті.

«Саран» шахтасында тау-кен массасы құлады (2022 жыл) 

Қарағанды облысында «Саран» шахтасында тау-кен массасы құлап, 57 жастағы кенші қаза тапты. Бұл шахта да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорнына тиесілі. Қайғылы оқиға 2022 жылғы 24 наурызда болған. 

Ленин шахтасынан өрт шықты (2022 жыл)

2022 жылы 3 қарашада Ленин атындағы шахтасында апат болып, салдарынан 5 кенші қаза болды. Сол уақытта Төтенше жағдай министрлігі 25 жыл бойы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахта қабаттарында улы заттарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбегенін айтты.

Қазақстан шахтасынан өрт шықты (2023 жыл)

2023 жылғы 17 тамызда «Қазақстан» шахтасынан өрт шықты. Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті. Шахтаның астында қалып қойған бес кеншінің денесі табылды. 

18 қыркүйекте ҚР ТЖ министрі Сырым Шәріпханов үкіметтік комиссияның тергеу қорытындысын жариялады. Сараптама қорытындысы бойынша жұмыс беруші 100% кінәлі деп танылды. 

Костенко шахтасында өрт болды (2023 жыл)

2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Көмір департаментіне қарасты Костенко атындағы шахтада өрт болды. Дәл сол кезде кеніште 252 адам кен қазып жатқан. Олардың 205-і жер бетіне шығарылып, 18-і медициналық көмекке жүгінді. 21 шахтердің мүрдесі табылса, 26 кеншіні іздеу жұмысы жалғасып жатыр. 

Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды  тапсырды. 

Өз кезегінде Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен кәсіпорынның меншік құқығын мемлекет пайдасына беру туралы келісімшарт рәсімдеуде.   

 


Пікір Как:

Пікір (0)