22c9c63103d69c163fe32f7087c03541

Адам терісінен жасалған кітап 

Ұлттық академиялық кітапханада ерекше экземпляр бар. Бұл кітап адам терісінен жасалған. Онда не жазылған және кімге арналған?   

Кітап 1532 жылы шыққан. Онда мәтін ескі латын графикасымен таңбалаған. Бұл - Ұлттық академиялық кітапхана қорындағы ең ерекше экспонаттардың бірі. Кітапты бұл мекемеге 2014 жылы жеке коллекционер сыйға тартқан екен. Болжам бойынша, ол Еуропадан жеткізілген.

Кітаптың шын мәнінде адам терісінен жасалғанына көз жеткізу үшін Ұлттық ғылыми медициналық орталықтағы патоморфология зертханасында зерттеу жасалған.

"Мұқаба материалының 0,5 миллиметр бөліктері электронмикроскоп желісі режимінде эпоксид смоласына қойылды. Түк фолликулдерінің аздығы адам терісі екенін дәлелдеді, себебі жануарларда түк өте тығыз орналасады", - деп түсіндірді Дариға Дәуренбекова.

Қазіргі уақытта Ұлттық академиялық кітапханада кітап мазмұнын оқу жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстандағы мамандар мәтінді тани алмаған, себебі елде ескі латын графикасын түсінетін маман жоқ. Сондықтан Париждегі Мәтін тарихын зерттеу институтының сарапшылары іске кіріскен. Олар ортағасырлық қолжазбалар мен тұңғыш баспа кітаптарын зерттеуге маманданған.

"Қазақстанның Франциядағы елшілігі арқылы бұл институттың жетекші ғалымымен байланыс орнаттық, ол - медиевист Доминикан Пуарель. Ол уақытының аздығына байланысты 330 бетті толық оқып шыға алмады, бірақ алғашқы 16 бетті қарап шыққан ол мәтінде ақша, несие және салық жайлы жазылғанын айтты. Доминик Пуарельмен келіссөз жалғасып жатыр, ол өзге медиевистермен сөйлесіп көруге уәде берді", - дейді Дариға Дәуренбекова.

Одан басқа, ресейлік сарапшылармен де келіссөз жүрген.

"Мәтінтанушы Илья Аникьев қолжазбаның бірінші тарауының электрон нұсқасынан оқып шығып, кітаптың 1532 жылы Петрус Пуардус деген ер адамның нотариалдық жазбалары екенін айтты. Ол Солтүстік Италияның Мондови қаласында нотариус болған, жазба сонда жазылған", - деді Дәуренбекова.

Оның айтуынша, келешекте кітап қағазын зерттеу жоспарланып отыр. Мамандар XVI ғасырдағы қолжазбаны толықтай зерттеудің кітапхана қоры үшін ғана емес, еліміз үшін де жаңалық болатынын айтады.


Пікір Как:

Пікір (0)