1200_0_Sl5Jp1J0mdwsnNWYGtPIVXokzScSdFbn0smLYDvQ

Тарихшы: Ресей ашаршылық деректерін 2042 жылға дейін ашпайтын бұйрық шығарған

Қызылорда қаласында тұратын белгілі өлкетанушы, тарихшы, журналист Сағат Жүсіп 30 жылға жуық уақыттан бері 1920 – 33 жылдары аралығында өткен ашаршылық нәубетін зерттеп келеді. Қаламгер жуырда «Ашаршылық ақиқаты» сериялы кітаптарының үшінші томын тәмамдағалы отыр. Кітап авторымен ұжымдастыру саясатының зардаптары,  аштықтың зерттелу барысы жөнінде сұхбаттасқан едік.

- Ашаршылық тақырыбын қай уақыттан бері зерттеп жүрсіз?  

- 20 жылдан астам уақыттан бері айналысып келемін. Деректер өте көп. Мен әу баста ашаршылық нәубетін зерттейін деп ойламаған едім. Әуелі Қызылорда қаласының тарихын, нақтырақ айтсам, бұрынғы Перовск  шаһары жөнінде зерттеу жасап жүрдім. Материалдарды қарап отырғанда Қызылордада Совет үкіметі орнағанда, ашаршылық бірге келгенін байқадым. Осылайша зұлмат жылдар туралы деректерді жинастыруға кірістім.  Бұған дейін «Ашаршылық ақиқаты» деген атаумен екі кітабым шыққан. Алғашқы еңбегім 2015 жылы, екіншісі 2020 жылы жарық көрген болатын. Енді үшінші кітабымды әзірлеп жатырмын.  Компьютердің алдында көз майымды тауысып  ұзақ отырғандықтан, көзім көрмей қалды. Дегенмен, бұл еңбектің соңына таядым, баспаларға бергім келеді. 

-  Бұл еңбекте ашаршылық жылдарындағы қазақтардың аяусыз тағдыры қалай баяндалады? Архив деректерін сөйлете отырсаңыз...

- 1932 жылы біздің солтүстік өңірлерде тұратын қазақтардың көпшілігі Ресейге босып кетті. Сол кезде оларды дұрыс қарсы алмаған орыстар болды. Аштықтан арып, ашып барған аш қазақтардың қырылған жері де Ресей.  Олар барғанда большевиктер жергілікті халыққа үгіт-насихат жүргізіп, «қазақтар адам етін жейді, бұларды кіргізбеу керек» деп үйретеді. Орыстың шаруалары пана таппай келгендерді ішке кіргізбей, аяусыз, ұрып-соғып, айырмен түйреп, құдыққа көміп өлтірген. Мұны мен «Ашаршылықтан қашқандар» атты мұрағаттық құжаттардан оқыдым. 

Аштықтан әбден қажыған қазақтар аш балаларын аман сақтау үшін ұрлық жасауға, қайыр сұрауға барды. Аштықтан, жалаңаш суықтан, індеттен ондаған мың қаңғып келген қазақтар  қырылып мәйіттері әр жерде жатты. Ең жаманы, аман қалған бишара қазақтарға деген орыстың ұлы державалық империялық жек көрініштігі аяусыз болды. Қайда барса да алдарынан қуып шығу, бұларды өлтіру керек деген террорлық ұрандар шығып, ешкімнен аяушылық, жанашырлық көре алмады.

Архив құжаттарында жүздеген ұрып соғу, қорлау, өлтіру, өздері сот жасап өлтіружайлы деректерді оқуға болады. Тас атып, таяқпен, аңшы мылтықтарымен соғу, көлге тұншықтырып мерт қылу, аяқ-қолын тірідей байлап құдыққа тастау оқиғалары жаныңды түршіктіреді.Бүкіл ауыл адамдарын өртеп жібергендер де болғаны рас.

Мысалы Есіл-Көл ауданында Ночки деп аталатын орыс деревнясының тұрғындары өздерінің сот шешімімен екі қазақты өлтірген, біреуін отқа жаққан. Миронов сельсоветінің 20 адамнан тұратын бір бригадасы Юдин совхозының жұмысшысы БайжанТөлепбергеновті   аяусыз азаптап өлтірген. Үні шықпасын деп аузына шүберек тығып, мойнына арқан салып сүйреткен, таяқпен, мылтықтың дүмімен ұрған жағдайлар аз емес.  Волчихин ауданында бір қазақ азаматы мен әйелді ұстап байлап, тірідей бос құқыққа тастаған. Олардың мәйіттері бір жыл бойы шыңырауда жатқан. Әйелдер мен балаларды жаппай сабап азаптау жағдайлары барлық жерлерде көп болған және қалыпты саналған.  

 

Тағы бір мысал, Купин ВКП(б) аудандық комитетінің хатшысы Помогаевтың  ВКП(б)  Батыс Сібір крайкомына бір қазақтың отбасы мүшелерін аяусыз айуандықпен өлтірілгені жайлы баяндау хаты бар. Хат 1932 жылдың 28 қыркүйегінде жазылған. Крайкомның хатшысы  Лаврентий Берияға жіберілген баяндау жазбасында Бугрим сельсоветінен 7-8 шақырым жерде, совхоз аймағында 9 адамнан тұратын қазақтың отбасы айуандықпен кескілеп өлтірілгені айтылады. «Өлтірудің қалай жасалғандығын былайша сипаттауға болады: Бугрим сельсоветінен 7-8 шақырым жерде 9 адамнан тұратын қазақтың отбасы тұрған. Күркенің бір жағы арбамен, екінші жағы бұталармен, сырты шөппен қоршалған. Арбадан 10 сажын жерде шөп төсеніштің үстінде кескіленген екі әйелдің өлігі жатыр, бірі жас, екіншісі қартамыс, астында тазаланған бидай жатыр, жанында бұтаның түбінде қауыздары босаған масақ салынған бос қап қалған. Осы бағытта артынан кескіленіп өлтірілген бұтаға құлаған, басы балтамен шабылған алты-жеті жас шамасындағы қазақтың қызын көреміз. Сірә қыз қашып бара жатып бұтаның үстіне құлағанда артынан балтамен шабылған болса керек. Күркенің келесі тұсында екі жас баланың мәйіті (төрт-бес және он бір-он екі жас шамаларында), сірә күректің қырымен ұрып өлтірілген болса керек. Осы жерде, күркеден алыс емес, қасқырдың апанында өлтіріліп көмілген 11-12 жастағы баланың мәйіті, басы мен аяғы жерге бөлек-бөлек тасталған.Үйілген шөмеленің қасында үш еркектің, бірі 16-17 жас шамасында мәйітібар. Баланың мұрны, құлағы, мойны кесілген, қалғандарының бет-ауызы адам танымастай етіп бүлдірілген. Бұл қазақтардың кім екендігін білу мүмкін болмады. Денесінен табылған талондарға қарағанда совхоздың рабкоопында жұмыс істеген болса керек. Бұл оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын, тексерілмеген деректер бойынша Бугрим сельсоветінің  колхозшылары олардан екі қойдың еті мен 8 күміс рублін тартып алған көрінеді»,-дейді. Хатты Купин ВКП(б) райкомының секретары Помогаев жіберген. 

 

Үшінші кітабымды жазып жатқанда көзім көрмей қалды

- Кітапты шығару жағы қалай болып жатыр? Жәрдемдесеміз деген азаматтар болды ма?

- Жоқ, екі еңбегімді  меценаттардың көмегімен шығарғанмын.  Мына кітапты  шығаруға ешқайдан көмек ала алмай отырмын. Көзім көрмеген соң тиісті жерлерге хат та жаза алмай қалдым. Сондай қиындық бар.

- Шаң басқан архивтерді қолданып, ұлт тарихының аңтаңдақ беттерін аршуға күш салдыңыз? Ашаршылық туралы деректерді  жинастыру кезінде қиындықтар болды ма?

- Отыз жылдай болды тәуелсіздікке қолымыздың жетіп,  тарихымызды шынайы зерттеп өз еркімізбен жинақтауға қолымыздың жеткеніне. Бірақ  уақытымыз бекер кетті, қазақ үкіметі бұл орайлы сәтті дұрыс пайдаланбады. Осы кезеңде ашаршылық жайлы көптеген жаңа деректер, құпиялар ашылды. Біраз сұмдық құпияларды Ресей үкіметі 2000 жылдардың басында ашып тастады, аз ғана уақытқа. Артынша дереу жапты, қаншама сұмдық құпиялардың шет жағасын ашып қойғанын дереу түсіне қойды. Путин бұл деректерді 2042 жылға дейін жабуға  бұйрық етті. Бірақ сол ашылған аз да болса құпияларды қазақ үкіметі жұртшылыққа таратуға тырысты ма? Жоқ. Ештеңені көрмеген болды.. Бұл тақырыптың қаншалықты өздері үшін сұмдық қорқынышты екенін қазақ басшылығы сонау 1992 жылы байқатқан еді...

Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1991 жылы арнайы комиссия құрып, комиссия бір жыл жұмыс жасап «30-ы жылдардағы Қазақстандағы ашаршылықтың себептері» жайлы Қорытынды жасаған болатын.  1991 жылдың 12 қарашасынан 1992 жылдың қараша айына дейін жұмыс жасаған Комиссия ұжымдастыру кезінде ашаршылыққа алып келген нормативтік құқықтық актілерді зерттеу нәтижесі бойынша Қорытынды жасады. Комиссияның Қорытындысы 1992 жылдың 22 желтоқсанында «Советы Казахстана» және «Казахстанская правда» газеттерінде орысша мәтінде ғана жарияланды. Қорытындымен танысып шыққан  сол кездегі президент Н. Назарбаев комиссияның жасаған қорытындысынан шошып кетті деуге болады. Комиссия ашық текстпен қазақ халқына қарсы геноцид саясаты жүргізілген деді. Дереу тапсырма түсірілді, бұл мәселе жабылсын, қозғалмасын деген пәрмен берілді. Міне сол кезден бері Ашаршылық тақырыбы елімізде терең зерттелуге жатпайтын тақырыпқа айналды, жабық мәселе ретінде  жылына бір рет атап өтілетін 1937 жылғы зобалаң мәселесімен бірге атап өтіледі, сылап-сипап айтылады.

 

- Ашаршылық тақырыбын зерттеу барысында қандай тұжырым жасадыңыз?

- Біріншіден, біз жадынан айрылған халыққа айналып бара жатқандаймыз. Қазіргі жастарымыз, әсіресе орыстілділер еліміздің басынан өткен трагедияларды - төңкеріс, еріксіз отырықшылдандыру,кәмпеске, Ашаршылық, соғыс, 70 жылдық кеңестік езгіні білмейді.  

Керісінше, тәуелсіздік үшін күрескендерді қорлау дәстүрі бел алып барады. Халқы үшін, отбасы мен ұрпағын сақтап қалу үшін зорлықшылармен күрескен ата-бабаларды  аяусыздықпен қырған жендеттерді мадақтап «батыр» атап жатырмыз. Оның мысалы ретінде Қызылорда қаласындағы аттарына көшелер берілген Гержодтың қазақ көмекшілерін айтуға болады. Бұл жағдай тәуелсіздігіміз үшін қырылған, жазықсыз құрбан болғандарды мазақ ету емес пе!?  Еврейлер холокосты ұмытпайды, армяндар да өздеріне геноцид жасалды дегенді әшкереледі. Арнайы заңдар шығарды. Егер осы екі ұлт өкілдеріне  айтып отырған геноцидтар  болмаған  деп айтып көрші, сол үшін сізді жауапкершілікке тартады, себебі соған  арнайы шығарған заңы бар.  

 Біз қазақтар, өз тарихымызды өзіміз зерттеуден, білуден қашып одан бас тартып жүрген халықпыз. Олай дейтін бір себебім: "Ашаршылық ақиқаты" кітабымды оқығандар «өте ауыр кітап екен, жүрегім ауырды, аяғына дейін әрең оқыдым» дейді де балаларыма оқуға бермедгенін, ондай сұмдықты оқымағаны жөн деп түйееді. Құдды қорқынышты фильмді көруге балаларына рұқсат бермегендей мінез танытады. Сонда қазақ үшін ашаршылық  - ұмытуға тиіс, жас ұрпақ білмеуі тиіс тақырып болғаны ғой, беті аулақ болсын, ондай тарихты еске түсіріп қажеті жоқ дегені ғой?   Бұл қазақтың надандығы ма, сауатсыздығы ма, әлде қараңғылығы ма, не деуге болады? «Басынан кешкен зұлматын ұмытқан халық оны қайтадан кешеді» деп айтқан шешен президенті Дудаевтың сөзі бар! Ашаршылық мәселесі сөз бола қалса қазақ үкіметі, тарихшылары, мамандары мен ғалымдары тартыншақтап, бүгежектеп қала береді. Айтар сөздерін түгел айтпай, жартысын жұтып қалады. Бұл не деген қорқыныш?

 

Сұхбаттасқан: Олжас Қасым 


Пікір Как:

Пікір (0)